Провизорлық орындар азаюда
Атырауда туберкулезге қарсы күрес диспансерінде провизорлық орын саны 50%-ға азайып, стационардан соңғы 10 күннің ішінде 30 адам емделіп шықты. Бұл туралы Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
– 1-тамыздан бастап провизорлық кереует санын 50-ге дейін азайттық. Бүгінгі күні он шақты науқас ем алып жатыр. Қазіргі уақытта жасанды желдеткіш аппаратта жатқан науқас жоқ. Пандемия жағдайына қарамастан диспансерде жоспарлы ем жүргізу процесі, күрделі операциялар жасау жалғасуда, – дейді Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері директорының міндетін атқарушы Серік Абишев.
Бұған дейін Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде коронавирус инфекциясына қарсы 100 кереуеттік провизорлық бөлімше ашылған еді.
Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша, Атырау облысында туберкулез сырқатымен тіркелген науқастар саны 20–25%-ға дейін азайды.
– Алғашқы жеті айда туберкулез ауруымен облыста 193 науқас анықталып отыр. Былтыр осындай мезгілде 225 науқас есепке алынған болатын, – деді Серік Абишев.