«КамАЗ» аударып, қамауға алынды

Атырау–Астрахан трассасы бойында «КамАЗ» көлігін тізгіндеген мас жүргізуші көпір үстінде аударылып қалды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 12-тамыз күні сағат 23:10 шамасында Исатай ауданы аумағындағы Ақсай өзені үстінен салынған көпірде болған.

– Аударылған «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде рульге отырған. Ол – Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылының 32 жастағы тұрғыны. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Құқықбұзушы Исатай аудандық сотының қаулысымен 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылып, 20 күнге әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.