Атырауда эпидемиологиялық ахуал жақсарды

Атырауда инфекциялық кереуеттер саны 26%-ға, провизорлық орын саны 32%-ға қысқарды. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының​ баспасөз қызметі хабарлады.
​– 12 тамыздағы ахуал бойынша, Атырау облысында коронавирус инфекциясымен 10 638 науқас тіркелген. Оның ішінде 7 869 адам емделіп шықты. Бұл қатерлі вирустан жазылып шыққандардың көрсеткіші 74 пайыз болды деген сөз.
Науқастар саны азаюы себепті карантиндік станционарлар жабылды. Алайда эпидемиологиялық ахуал жақсарғанымен, алдағы жағдайды болжай алмаймыз. Сол себепті, жан-жақты дайындықты күшейтіп, короновирустың екінші толқынына дайын болуымыз керек, – дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Оның айтуынша, Атыраудағы барлық емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмек қоры жасақталған.
– Десе де, алда күз, қыс мезгілі келе жатыр. Сондықтан жұртшылыққа денсаулыққа салғырт қарамай, қорғаныш құралдарын пайдаланып, қоғамдық ортада арақашықтықты сақтап, кісі көп жүретін орындарға бармауға кеңес беремін, – дейді Нұрлыбек Қабдықапаров.