Жол қозғалысы ережелерін бұзған 316 дерек анықталды

5-7 тамыз күндері «Такси» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, патрульдік полиция қызметкерлері Көліктік бақылау инспекциясының өкілдерімен бірге республикалық маңызы бар тасжолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзған 316 деректі анықтады. Бұл туралы Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
– Оның ішінде жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзған 53, міндетті техникалық байқаудан өтпеген 3, көлік құралын басқарған кезде телефон пайдаланған 2, қауіпсіздік белдігін тақпаған 4, бағдаршамның тыйым салу сигналына өткен 2, көлік құралын басқару құқығы жоқ 2 жүргізуші анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің баптарына сәйкес хаттамалар толтырылды. Екі көлік айыппұл тұрағына қойылды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Атырау–Орал тасжолының 62-шақырымында «Honda Adice», Атырау–Астрахан тасжолында «Toyota Alphard», Доссор–Құлсары жолының бойында «Toyota» көліктері тоқтатылды. Бұл көліктердің жүргізушілері карантин режимінің талаптарын бұзып, әрқайсысы көлік салонына 6 жолаушыдан отырғызған. Оларға қатысты жинақталған құжаттар тиісті шешім қабылдау үшін Атырау қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.