Бейнекамера – қылмысқа қарсы күрес құралы

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда қалалық Полиция басқармасы Жедел басқару орталығы бейнекамераларының рөлі айтарлықтай.
Бүгінде қаладағы 700-ден аса бейнекамераны Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойы қадағалап отырады.
– Атырауда осы жылдың басынан бері бейнекамераның көмегімен 7 998 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Олардың арасында көшеде, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе масаң күйде жүру, шылым қалдығын, қоқыстарды қалдыру, жасыл желектерді бүлдіру, сонымен қатар, карантин режиміне қатысты шектеулерді орындамау сияқты бұзушылықтар жиі орын алады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
2019 жылдың жеті айында Жедел басқару орталығының бейнебақылау кезекші инспекторларымен 47 қылмыс әшкереленген, ал биыл 96 қылмыс бейнекамералардың көмектерімен із суытпай ашылды.
Сонымен қатар, бейнекамералардың объективінен жол қозғалысы ережелерін бұзғандар да тыс қалмайды. Жыл басынан бері осындай 6 415 факті анықталып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жалпы талдау нәтижесінде қаладағы бейнекамералар орналасқан аумақтарда құқық бұзушылықтардың аз тіркелгені байқалады.