КВИ-на қарсы вакцина 2 182 000 адамға тегін беріледі

Коронавирус індетіне қарсы екпені жеткізу амалдары зерделеніп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
— Елімізде тараған індетке қарсы екпе жасау үшін әлемдегі барлық тәжірибе зерттелуде. Халықтың қауіпсіздігі үшін аяқасты шешім қабылданбайды. Еліміз Жаһандық екпе жасау альянсы әзірлеген (GAVI) вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін «COVAX Facility» бағдарламасына қатысады. Аталған бағдарламаға қатысушы елдердің барлығына індетке қарсы екпе жеткізіліп беріледі. Белсенді иммундау үдерісі халықтың 20 пайызын қамтиды, — деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Оның дерегінше, Қазақстанда екпе алуға енетін халықтың саны 2 182 000 адам немесе жалпы халықтың 11 пайызын (жасы 65-тен асқан ұзақ уақыттан бері ауыратын азаматтарды және медицина қызметкерлерін) қамтиды. Екпе тегін жасалады.
«GAVI ұйымының хабарлауынша, коронвирусқа қарсы екпенің бір реттік мөлшері жеткізу құнын қоспағанда ұлттық валюта бағамымен 4 142 теңгеден басталып 8 284 теңгеге дейін жетеді. GAVI ұйымы арқылы екпені сатып алудың алдын ала құны 9 037,8 миллионнан 18 075, 7 млн. теңге аралығында деп жоспарланған. Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда аталған ұйымның ұстанымдарын ескере отырып, екпе санын арттыруды қарастырады. Егер GAVI ұйымымен заң жүзінде міндеттемелер жасалса, онда алғашқы 15 пайыз жарна төленеді. Екпе қажетті көлемде жеткізілгеннен кейін толық төлемақы жасалады, — деді Бағдат Қожахметов.