Мұғалімдер мектеп компьютерлерін пайдаланады

Қазақстанда 20 мыңнан аса мұғалімнің компьютері жоқ болса, 2 мың мұғалімнің интернетке қолы жетпей отыр. Сол себепті, бұл мәселе мектеп компьютерлерін уақытша пайдалануға беру арқылы шешіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгінгі үкімет отырысында айтты.
– Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы алғанда, 185 мың оқушының компьютері жоқ. Компьютерлер жетіспейтінін көріп отырмыз, әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда жеткіліксіз. Сондықтан 1-қыркүйекке дейін 500 мыңнан астам бала компьютермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 24 мың мұғалімнің жеке компьютері жоқ, 2 мың мұғалім интернетке қосыла алмай отыр. Бұл мәселе мектеп компьютерлерін уақытша пайдалануға беру арқылы шешіледі, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, көктемдегі тәжірбиеге сәйкес 6 мыңдай телесабақ әзірленіп жатыр.
– Теледидар сабақтары «Әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде, әрқайсысында 9 сағаттан эфир беріледі. Оған қоса, барлық телесабақ интернетте орналастырылып, оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады. Қазір ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елдімекенде осы арналардың қолжетімсіз екені анықталды. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі. Сонымен қатар, оқулықтармен қамтамасыз ету жағы да қарастырылып жатыр, – деді министр.