Облыс әкімі Құлсарыдағы құрылыспен танысты

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой ауданының орталығында салынып жатқан 75 орындық жаңа аурухананың құрылыс барысын қарап шықты. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникация қызметі хабарлады. 

«Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында салынып жатқан орталық аурухананың құрылысы биыл мамыр айында басталған.

Аурухананың негізгі корпусы 55 орынға ыңғайланған. Балаларға арналған 10 және инфекциялық 10 орын болады. Ауруханада кір жуатын бөлмелер, көлікке арналған үш гараж, бақылау-тексеру пункттері, өрт сөндіру қауіпсіздігіне арналған жабдықтар, арнайы орындар, суға арналған 65 текше метрлік цистерна, септик, аурухана пациенттеріне арналған автотұрақтар қарастырылған. Бұл нысанның құны – 7 175,4 млрд. теңге. Құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындар тартылған.

Облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов құрылыстың сапасына қатты мән беріп, белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеуді тапсырды.

Аурухана келесі жылы пайдалануға берілмек.