Президент облыс әкімімен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы президентке өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. Қазір Атырау облысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді, инфекция жұқтырғандар шілде айының басымен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар, сырқаттанғандардың 63,8 пайызы, яғни 6 414 адам сауығып шыққан. Соның арқасында инфекциялық төсек орындардың 54,6 пайызында, ал провизорлық төсек-орындардың 43,3 пайызында ғана науқас қалған.
Махамбет Досмұхамбетов өңірде карантиндік орындардың қысқарып жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ, Атырау облыстық ауруханасының 200 инфекциялық орны бағытын өзгертіп, жоспарлы пациенттерді емдеуге көшеді.
Атырау облысы әкімінің сөзінше, мұнайлы өңір жан басына шаққанда тест тапсыруда көшбасы аймақ саналады. Пандемия басталғаннан бері 153 587 ПЦР-тесті өткізілген. Яғни мұнда 100 мың тұрғынға шаққанда тест тапсыратындар 23 615 адамнан келген.
Облыс әкімі Президентке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты қабылданған шараларды баяндап, үш айлық қор қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанына тоқталды. Оның мәлімдеуінше, соңғы екі аптада облыс әкімдігінің қолдауымен 100 тонна дәрілік заттар жылдам түрде жеткізілген. Бүгін-ертең шамамен 40 тонна дәрілік зат тиеген тағы да жүк көліктері келеді. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дистрибьютор компаниямен бірлесіп 40 позиция бойынша тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін арнайы келісім-шарт жасасқан.
«СҚ-Фармация» ЖШС қоймасынан стационарлар мен емханаларға 400 позиция бойынша дәрілік заттар апта сайын үздіксіз жеткізілуде.
Мобильдік топтардың, кол-орталықтардың және Covid-такси жұмысының арқасында жедел жәрдем шақырту бүгінгі күні тәулігіне 2 есеге, яғни 1300-ден 650-ге дейін төмендеген.
Дәрігерлердің тапшылығы мәселесін шешу үшін еліміздің медициналық жоғары оқу орындарынан 102 интерн мен резидентті тарту жоспарланған, олардың 45-сі өңірге келіп, жұмысқа кірісіп кетті.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөз соңында облыс халқының карантидік шараларды сақтауына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қатты күшейтілгенін атап өтті. Қазір карантиндік талаптардың орындалуын қадағалайтын 114 мониторинг топ күнделікті рейд жасап, соңғы аптада 640 бұзушылықты анықтаған.