Велосипед ұрлығы бойынша 70 қылмыстық іс тіркелді

Атырау қаласында жыл басынан велосипед ұрлығы бойынша барлығы 70 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Атырау полиция департаменті хабарлады.
Полиция қызметкерлерімен іздестіру шаралары барысында қолды болған 50-ге жуық велосипед жәбірленушілерге қайтарылды.
20-мамыр сағат 20:40 пен 21-мамыр сағат 17:00 аралығында қалада Ш.Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты үй дәлізінің екінші қабатында тұрған құны 60 мың тұратын «Trinx» маркалы велосипедін, 22-мамыр күні сағат 10:00 мен 12:00 аралығында қаладағы Сәтпаев көшесі №41Б үйдің дәлізінде тұрған құны 80 мың теңге тұратын қара түсті спорттық велосипедін жасырын ұрлап, бой тасалап қашып кеткен күдікті іздестіру шаралары барысында анықталып, ұсталды.
24 жастағы қала тұрғыны тергеу изоляторында қамауда.
Қалалық полиция басқармасының №1 бөлімінің қызметкерлері велосипед ұрлығын кәсіп еткен 2001 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстады. Тексеру барысында, бұл жас жігіттің 3 велосипедті қолды еткені анықталды.
Жедел уәкілдермен велосипед ұрлығына қатысты 27 жастағы азаматша анықталды.
Бұл азаматша қаланың Нұрсая ықшамауданындағы үйлердің дәліздерінде қалдырылған екі велосипедті және балаларға арналған самокатты ұрлауды қасына 4 жастағы қыз баласын ертіп жүріп жасапты.
Күдіктінің басқа ұрлыққа қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Ал 15-шілде сағат 21:00 мен 16-шілде сағат 08:40 аралығында Атырау қаласы Ақ-шағала ықшамауданы 2-көшедегі үйлердің бірінің дәлізінде тұрған құны 90 мың теңге тұратын маркасы «Stels» велосипедінің жоғалуы орын алды. Велосипедті іздестіру шаралары барысында қылмысқа күдікті 2002 жылғы қала тұрғыны анықталып, үстінен ҚР ҚК-нің 188 бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Атырау қаласы Полиция басқармасы велосипед иелеріне велосипедті үй дәліздеріне, сауда үйлерінің немесе басқа да мекемелердің бейнекамерамен қамтылған аумақтарына қалдыруды ұсынады. Ал үй дәліздеріне, аула сыртына қалдырған жағдайда құлыптап бекіту керектігін ескертеді.