КТ аппаратынан кім тегін өтеді?
Компьютерлік томография аппаратынан медициналық көрсетіліміне байланысты жолдама алған науқас тегін өте алады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі жергілікті денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметте: — Өкпе қабынуына шағымданушылар учаскелік дәрігердің қабылдауынан кейін, тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелген емханадан жолдама алу арқылы, КТ аппаратынан тегін тексеріле алады.
Қазір Атырау облысы 10 КТ аппаратымен қамтамасыз етіліп отыр. 7 аппарат – мемлекеттік емдеу орындарында. Оның ішінде облыстық ауруханада – 2, облыстық №2 аурухана, кардиорталық және онкология диспансері, облыстық балалар ауруханасы мен Жылыой аудандық орталық ауруханасында 1-еуден. Қалған 3 аппарат жеке клиникалар секторында орналасқан.
Бүгінде денсаулық сақтау басқармасы КТ аппаратына балама ретінде рентген аппаратына түсуді ұсынып отыр. Яғни, өкпе қабынуына шағымданушылар өзі тіркелген емханадан рентген аппаратынан тексеруден өте алады. Рентген аппаратының қорытындысы арқылы, өкпенің жағдайы туралы толыққанды ақпарат алуға болады, – делінген.
Сонымен бірге, ПТР тест сынамасын тапсырудың да өзіндік алгоритмі бар. Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша ПТР тест сегіз зертханада алынуда. Олар Ұлттық сараптама орталығы (Атырау қаласы), Ұлттық сараптама орталығы (Теңіз қалашығы), «Олимп» зертханасы, «Проспект Медикал» (Атырау қаласы), «Проспект Медикал» (Теңіз қалашығы), Геолог емханасы, «Инвиво» зертханасы және «Health Care Atyrau».