Карантинді пысқырмайтын көлік көп

Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Көлікті бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген шара барысында карантиндік шектеуге қарамастан жолаушы тасыған автобустар анықталды. Бұл туралы Атырау полиция департаменті хабарлады.
27-шілде күні Атырау қаласының Береке ықшамауданында Атырау-Шымкент бағытына жолаушылар тасымалдайтын автобусты тоқтатқан. Тексеру кезінде 36 адамы бар автобус жүргізушісі карантиндік шектеулерге қарамастан жолаушылар тасымалымен айналысқан.
Сол күні сағат 20:15 шамасында Атырау-Орал тасжолы бойында ішінде 30 жолаушысы бар тағы бір автобус тоқтатылған. Бұл автобустың да Шымкент қаласына бағыт алғаны анықталды.
Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 17-шілдедегі «Облыс аумағында коронавирус инфекциясының (COVID-2019) таралуын азайту бойынша қатаң карантиндік шараларды одан әрі күшейту» туралы №57 Қаулысына сәйкес облыс аумағында, қалалар және ауылдық елді мекендер арасында автобус тасымалы тоқтатылды.
Қаулыда көрсетілген карантиндік шектеулерді бұзған автобус жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», 571-бабы «Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу», 572-бабы «Жолаушыларды, багажды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуы» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Бұдан басқа, автобустың біріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабы «Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу» бойынша да хаттама рәсімделіп, айыппұл тұрағына қойылды.