«Қазақфильм» мен «ҰКҚМО» бірлесіп жұмыс істемек

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы отандық киноиндустрияны қолдау және дамыту мақсатында бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге келді. Бұл туралы Елорда Инфо хабарлады.
— Бұл қадам қазақстандық киноқауымдастық арасында қалыптасқан қиын жағдайды шешуге көмектеседі. Соңғы кездері БАҚ беттерінде отандық киноның дамуына қай құрылымдар және кімнің жауапты болуы керектігі туралы даулы әрі жаңсақ пікірлер айтылып жүр. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі отандық киноиндустриядағы екі ірі құрылымның – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлескен жұмысының болашақ стратегиясын айқындады. Бұл – кино саласы үшін маңызды барлық шешімдер бірге қабылданатындығын, өзекті мәселелер бірлесіп шешілетінін, өзара көмек негізінде және құрылымдардың әрқайсысының мүдделерін ескере отырып жұмыс жүргізілетінін білдіреді. Қазір бүкіл кинобизнеске шоғырланып, бірлесіп жұмыс істейтін кез келді. Біз не істеу керек екенімізді және әрі қарай қалай өмір сүру керектігін түсінуіміз керек, — делінген «Қазақфильм» киностудиясы таратқан ақпаратта.
«ҰКҚМО» ҰАҚ Басқарма төрайымы Гүлнар Сәрсенованың айтуынша, жұмысты шоғырландыру туралы шешім дер кезінде қабылданды. Өйткені коронавирус пандемиясы кезінде бүкіл отандық киноиндустрия ауыр дағдарысты бастан кешуде. Кино өндіруші компаниялар түсіру жұмыстарын тоқтатты, кинотеатрлар жабылып, кино нарығының барлық өкілдері осы өліара кезеңнің аяқталуын күтуде.
— Күш-жігеріміздің бірігуі бізге алға жылдам жылжуға және индустриямызды дамытуға көмектеседі, — деді Ш.Айманов атындағы «Казақфильм» киностудиясының жаңа басшысы Ақан Сатаев.
Жақын арада Алматыдағы Ұлттық киноны қолдау орталғының кеңсесі мен кейбір түсірілім топтары «Қазақфильм» киностудиясының аумағына көшуді жоспарлап отыр.