Ақтөбе–Атырау–Астрахан жолының 339 шақырымы ашылады

Жыл соңына дейін Ақтөбе–Атырау–Астрахан жолының 339 шақырымында көлік қозғалысы басталады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
— Қазақстанның батысында екі өңірді байланыстыратын республикалық маңызы бар негізгі жолдардың бірін қайта жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Биыл жолшылар Ақтөбе–Атырау–Ресей шекарасы автомобиль жолының 339 шақырымында қозғалысты ашуды жоспарлап отыр. Жол учаскелеріндегі жұмыстарды орындау қарқындылығын ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Абдуллин тексеріп қайтты, — деп мәлімдеді ведомство баспасөз қызметі.
Жолдың жалпы ұзындығы – 897 шақырым. Бірнеше учаскеге бөлінген жобаның барлығында құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Осылайша ұзындығы 299 шақырым болатын Қандыағаш–Мақат жолындағы жұмыстарды «Todini Construzioni Generali S.p.A», «Құрылыс-өнеркәсіптік инвестициялық корпорациясы» ААҚ» БК, «Shanghai Construction Group Co., Ltd», «Ant Insaat Maden Sanayi A.S.» компаниялары және «Ақ жол құрылыс» ЖШС жүргізуде.
Атырау облысында жолшылар жыл басынан бері жолдың 35 шақырымында жабындының төменгі қабатын, 37 шақырымында жол негізінің жоғарғы қабатын жайластырған. Дәл осы Қандыағаш–Мақат жолы қозғалыс үшін биыл ашылмақ.
Сондай-ақ, жұмыстар жолдың 100–160 шақырымдарының аралығында жүргізіліп жатыр. 60 шақырымдық жол учаскесінің бойында қозғалыс 2021 жылы ашылмақ.