«Оян, қазақ!» режиссері алаңдаушылық білдірді

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі жарыққа шыққалы қазақстандықтардың рухани дүниесінде серпіліс болғаны жасырын емес. Тіпті, туындының кинотеатрларда қайталанып көрсетілуін талап еткендерде есеп болмады. Бірақ фильмнің режиссері Мұрат Есжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бір нәрсеге алаңдайтынын жеткізді. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

– «Оян, қазақ», шыны керек, мұндай фурор тудырады деген үш ұйықтасақ, түсімізге кірген емес. Халықтың қызу қолдауын көргенде небір ғаламат сезімдерді бастан кешірдік. Сол үшін патша көңілді көрерменге тағы мың мәртебе алғыс. Ол сезімдер туралы жиып-теріп бәрі басылған соң тағы айтармыз, жазармыз, – дейді Мұрат Есжан.

– Бүгін мына бір азырақ түйткілді жайтты қозғасам деймін.

Көрдіңіздер ме, көрмедіңіздер ме, желідегі сүйінішке һәм күйінішке толы жазбалар мен айтпалардың арасында өзге халыққа, басқа ұлтқа кіжінген, бүгінгі демократиялық, құқықтық, бейбіт құндылықтарымызға қабыса бермейтін де пікірлер бой көрсетіп қалып жатты. Бұл – кезінде Міржақып көтерген “оян” ұранының да, бүгінгі фильмнің де басты идеясын дұрыс түсінбегендік. Патша заманындағы әйгілі цензор Смирновтың өзі Міржақыптың “Оян, қазағы” жастарды білім-ғылымға, қазақ оқығандарын бірлікке үндейді деп баға берген. Біз де сол идеядан алыс кетпей, ұлттың интеллектуалдық, рухани, кәсіби оянуын мұрат тұттық.

“Оян” – ең әуелі ішкі қуатымызды, сыртқы сапамызды арттыруға арналған ұран. Оны әлдекімдердің арандатушылыққа бұрмалап әкетуіне жол бермеуіміз керек. Бұған алаң қып отырған себебім – көрші елдің кейбір телеграм каналдарында “қазақтар өз жастарын солтүстікке қарсы айдап салып, ксенофобтық жобалар жасауда, ол жобаларды мемлекеттің өзі қаржыландыруда” деген сықпыттағы “аналитикалардың” жазылып жатуы. Ал біз мына тараптан сол “бал ашуларын” нықтап бергендей боп, “елден кетіңдер, сендер бізді өйткесіңдер, енді біз сендерді бүйтеміз” деген сықпыттағы саяз ұранды контенттер жасап жатсақ, ол ел үшін де, тарих үшін де зиян һәм осындай тақырыптардың болашақта қозғалуына кедергі болмақ.

Әсіресе, әсерден айыға алмай, ішінара артық эмоцияға да беріліп кеткен кейбір інілерім, қарындастарым! Сендерге айтарым, Алаш қайраткерлері орыс ұлтына қарсы күрескен жоқ. Имперализмге, большевизмге қарсы күресті. Талай-талай Потанин, Гришин-Алмазов, Вологодский секілді орыс демократтарымен тізе қосып күресті. Қызыл террордан қазақ қана емес, талай орыс зиялысы өлім құшты. Сондықтан, идея мен ұлтты, жеке адамдар мен қарапайым халықты шатастырмайық. Арандатуға түсіп қалмайық, не арандатушылардың басқа біреуді арандатуына себеп боп қалмайық. Әзілдесек те, шындасақ та, барлық мәселеге елдік, мемлекеттік мүдде тұрғысынан келсек дегім келіп еді, – деп жазады Мұрат Есжан.

Естеріңізге сала кетейік, «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінде өткен ғасырдағы қазақ руханиятының басында жүрген зиялылардың қиын да қасіретті тағдыры суреттеледі. Мұнда белгілі бір ұлтқа жеккөрініш сипаттағы эпизодтар атымен жоқ. Керісінше, сол кездегі қандықол саяси режим қатаң сыналады.