Атырау зиялыларының үндеуі
Атыраулық зиялылар облыс тұрғындарына үндеу жолдады. Олардың қатарында ҚР Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жаңабайұлы, жергілікті кәсіпкер Мұрат Сарманов, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Махсат Алпысбай бар, — деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Жазушы, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Төлеген Жаңабайұлы халық қауіпті індетпен күресте жан аямай еңбек етіп жатқан азаматтарға санитарлық талаптарды ұстана отырып, көмектесе алатындығын атап өтті.
— Жанды алқымға алып, тынысты тарылтып жатқан пандемия біздің елді айналып өтпегеніне күн сайын куә болудамыз. Індетті жеңудің ең басты жолы – бірлік. Кеңшілік кезеңінде аста-төк той жасау бәсеке, байрақ болып кеткен еді. Сол жиындарды осындай қиын кезеңде тыю екі бастан, өзге де сақтық шараларын ұстануды қолға алу керек, — деді Төлеген Жаңабайұлы.
Өңірге белгілі кәсіпкер Мұрат Сарманов та қазіргі кезең елдің ерге, ердің елге қамқор болатын кезеңі екенін алға тартты. Әсіресе жастардың орынсыз жүріс-тұрысты, топтасқан бас қосуларды тоқтату керегін айтты.
— Қазіргі қиын-қыстау уақытта тәртіпті сақтап, қауіпсіздік шараларын орындасақ, өзімізбен бірге үйдегі ата-анамызды, Елімізді қорғаймыз, Қазақ ұлтын сақтаймыз! Біздің міндет – белгіленген талаптарды орындау, айналаны сабырға шақыру, ортада қайырымды, мейірімді болу, — деді кәсіпкер.
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Махсат Алпысбай азаматтарды көпшілік шоғырланған жерлерге бармай, талаптарды сақтап жүруге шақырды.
— Ардақты Елшіміз, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): — Нағыз мұсылман – өзгеге тілімен де, қолымен де зиянын тигізбеген мұсылман. Өзіңе қалағанды өзгеге қаламайынша, толық иман еткен болып саналмайсың, — деген. Сондықтан құрметті жамағат, елімізде болып жатқан індеттен арылу үшін санитарлық талаптарды орындап, көпшілік жиналған жерлерге бармауға тырысайық. Біздің жасаған қандай да бір қадамымыз өзімізге және өзгеге де зиянын не пайдасын тигізетінін ұмытпайық, — деді Махсат Алпысбай.