Облысымызда жол-көлік оқиғалары азайды

2020 жылғы қаңтар–маусым айларының аралығында Атырау облысында жол апаттарының саны былтырғымен салыстырғанда 44 пайызға азайған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жыл басынан облыс жолдарында 90 жол-көлік оқиғасы орын алып, 119 адам зардап шекті, ал өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 224 адам денсаулығына зардап келтірген 134 жол көлік оқиғалары тіркелді.
Апат салдарынан қаза болғандар мен жараланғандар саны бойынша да өзгеріс байқалды: биылғы алты айда болған жол көлік оқиғаларынан 22 адам қаза тауып, 97 адам жарақат алды.
Жол-көлік апаттарының көпшілігі жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілердің кінәсінен орын алған.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел алдын алу іс-шараларын тұрақты негізде жүргізу жолдардағы жағдайды тұрақтандыруға, жол қозғалысы ережелерін бұзуды азайтуға, ал кейбір жағдайларда оларды барынша болдырмауға мүмкіндік береді, – дейді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қ. Үмбетқалиев.