Атырауда қарулы мас кісі қолға түсті

Мұнайлы астанада қару тасымалдаған жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Атырау облысы полиция Департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Патрульдік полиция қызметкерлері Алмагүл ықшам ауданында «Mitsubishi Lanser» көлігін тоқтату кезінде, көлік жүргізушісі заңды талапқа бағынбай, ізін суытпақшы болған.
Тексеру барысында, жүргізушінің көлігінен шолақ мылтық табылып, өзінің масаң күйде болғаны анықталған.
Сот медициналық сараптама қорытындысымен жүргізушінің жеңіл дәрежелі ішімдік ішкені белгілі болып, оған қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабымен, яғни, «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы» бойынша хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, ҚР ҚК 287 баптың 3-бөлігі «Атыс қаруын, оқ-дәрілерді жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.