Коронавирус құрбандарына — бөлек зират

Коронавирус салдарынан көз жұмған адамдарды жерлеу үшін арнайы орын бөлінді. Бұл туралы Атырау облыстық Дін істері басқармасы хабарлады.

Олар енді Атырау қаласы, Жұмыскер шағынауданындағы «Мақаш» бейітінің далалық жағына қараған тұсында жерленетін болады.

Санитарлық алгоритм нормаларына сай, марқұмның мүрдесі туыстарына берілмей белгіленген аумақта жерленеді. Әйтсе де, жерлеуге санитарлық талаптарды сақтай отырып марқұмның ет жақын туыстары қатыса алады.

Аталған шешімге жергілікті дін қызметкерлерінің де рұқсаты алынған. Барлық жерлеу рәсімі марқұмның ұлтына, діни нанымына сәйкес орындалады. Қорым мұсылман және христиан қорымы болып екіге бөлінеді.

Марқұм жерленгеннен кейін арада 15-20 күн өткен соң бейіт тұрғызуға, зираттың басына баруға рұқсат беріледі.