COVID-19 бойынша «Каспий» клиникасы сараптама жасамақ

Наурыз айының басынан бері COVID-19 инфекциясын анықтау үшін аймақта 20 000-нан аса тест сынамасы алынған. Бұл туралы онлайн брифингте Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаева мәлімдеді. 

Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, бүгінге дейін Атырауға 29 620 ПТР тест алынып, коронавирус инфекциясын анықтау бойынша 20 238 рет тест жасалған.

— Қазіргі уақытта тестілеу нәтижесінің мерзімі кешіктіріліп жатқандығы туралы шағымдар көптеп түсуде. Осы орайда, азаматтарға зертханаларда алынған барлық сынамаларды өңдеуге уақыт тапшы. Өкінішке орай, Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің 90 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырған, олар қазіргі уақытта тиісті ем қабылдауда. Қалған мамандар тәулік бойы қызмет етуде. Барлығының да отбасы, қарт ата-анасы, туыстары бар. Сондықтан тұрғындардан болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарауларын сұраймын, — деді Гүлнафис Таңбаева.

Кеше Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ТШО компаниясы жаңа ПТР аппаратын «Каспий» медициналық жеке клиникасына алып беру туралы келісім жасасты. Жуық арада емханада коронавирус белгілеріне байланысты тест тапсырып, нәтижесін алуға болады. Қазіргі уақытта ПТР сынақтарын өңдеумен «Invivo» медициналық зертханасы айналысып жатыр.