«Армян» көліктердің алаңдайтын жөні жоқ

Кеше Атыраудағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Армениядан әкелінген көлік құралдарын есепке қою тәртібі туралы онлайн баспасөз-мәслихаты өтті.

Біздің өңірімізге Армениядан әкелінген көліктер саны – 6800 шамасында болғанмен, дәл бүгін тіркелген көліктердің саны 200-ден асады.

ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзалы Өтеғалиевтің айтуынша, осы жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген сол жақ рөлді көліктер мамандандырылған ХҚКО-да 1 қыркүйекке дейінгі уақытта тіркеле алады.

Көлікті уақытша тіркеу үшін техникалық төлқұжат пен нөмір уақытша сақтауға тапсырылады. Егер азамат көлікке қазақстандық тауар мәртебесін бергісі келсе, кедендік департаментке жүгіне алады. Біз Арменияда төленген төлемдерді де есептейміз, соған сай жеңілдік қарастырылады, – дейді Атырау облысы бойынша МКД кедендік әкімшілендіру басқармасының бастығы Талғат Каримов.

Көлік жүргізушілері кейін сары нөмірге байланысты жол полициясы тоқтатып, мазаламай ма деп алаңдайды. Алайда Мырзалы Өтеғалиев уақытша тіркеу көлік құралдары толық тозғанға дейін жарамды екенін айтып, ешкімнің көлік жүргізуге тыйым салмайтынына сендірді.

Тіркеу құны 11 904 теңге. Бірақ бұл қаулы ресейлік және қырғызстандық нөмірі бар көліктерге жүрмейді.