Атырауда апатты үй тұрғындарына жаңа баспана берілді
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев апатты деп танылған Стаханов 3А тұрғындарына жаңа үйдің кілтін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады.
— 1950 жылы салынған Стаханов 3А апатты үй тізіміне тіркеліп, жол картасы бекітілген болатын. Міне, бүгін сол 8 пәтердің иелеріне қалалық бюджеттен «Модерн» жеке тұрғын үй кешенінен үй сатып алып, кілтін табыстадық. Жыл соңына дейін апатты деп таңылған қосымша 3 тұрғын үй (42 пәтер) жаңа баспанаға көшірілетін болады, деді Р.Жолдиев.
Жаңа пәтер иелерінің бірі — Ирина Галич өз қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірді.
— Бүгін көптен күткен қуанышты жаңалық — жаңа пәтерге ие болып жатырмыз. Бұл пәтерді көп күттік. Екі қабатты ескі үйде тұрған әр күніміз уайым еді. Міне, бүгін облыс және қала әкімдігінің көмегімен жаңа пәтерге, жаңа қонысқа ие болдық. Барша үйге мұқтаж адамдар жаңа пәтерге ие болсын деп тілек айтқым келеді, деді Ирина Галич.
Айта кетейік, бүгінгі күні Атырау қаласында 82 апатты тұрғын үй бар. Ал оларды көшіру жұмыстары жоспарға сай жалғасады.