Құрманғазы ауданында Батыс аймақтық ақындар айтысы өтті

Құрманғазы ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған «Қасиетіңнен айналайын, Құрманғазым!» атты Батыс аймақтық ақындар айтысы өтті.

Жыр додасын Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Құрманғазы ауданының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

— Қасиетті ауданымыздың мерейтойы осындай дүбірлі жыр додасымен басталып жатыр. Айтыс — ұлттық өнердің асыл қазығы болса, ақын — халықтың жыршысы. Қанға сіңген ұлы өнер тартысты болсын. Сөз маржанын терген ақындарға сәттілік,-деді Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев.

Жыр жәрмеңкесін ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров жүргізді. Ал қазылар алғасының төрағасы болып белгілі ақын Мүтиғолла Ғани белгіленді.

Айтыс жаңа форматта өтті. Ақындарды жеребе суыру арқылы көрерменнің өзі жұптады. Іріктеу кезеңінен өткен 8 ақын арасынан финалға Жанболат Әлиев (Маңғыстау облысы) пен Серікбол Панабердиев (Атырау қаласы)  шықты.

Халықтың ыстық ықыласы және қазылар алқасының шешімімен дүбірлі доданың бірінші орын жүлдесін маңғыстаулық ақын Жанболат Әлиев иемденді. Атыраулық ақын Серікбол Панабердиев екінші орынға қол жеткізсе, исатайлық Нұрболат Нұғманов пен қызылқоғалық Салауат Кәрімұлы үшінші орынға табан тіреді.

Жеңімпаздар ақшалай жүлдемен марапатталды.

 

Дереккөз: БАТЫС.ИНФО