Биыл Атырауда психикалық және мінез-құлық бұзылуларының 264 жағдайы анықталған
Анықталған 264 жағдайдың 159-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Былтыр осы мәселе бойынша 169 жағдай есепке алынған. Бұл туралы Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Елдос Кдрсихов баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Биылғы 9 айлық қорытынды бойынша Атырау облысында динамикалық бақылауда 8240 науқас тіркелген. Оның ішінде психиатриялық динамикалық бақылауда — 5692 науқас, наркологиялық динамикалық бақылауда — 2548 науқас бар.
— Жалпы психологиялық көмек стационарлық және амбулаториялық деңгейде көрсетіледі. Облыс бойынша 7 ауданда 7 психикалық денсаулық кабинеттері мен қалада №1, №2, №3, №4 және №7 емханалардың жанында 5 алғашқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Халыққа психологиялық қызмет көрсету мақсатында психоәлеуметтік түзету және медикопсихологиялық көмек бөлімшесі қызмет етеді. Бөлімшеде балалар психиатры, психологы, терапевт, логопед, дефектолог бар. Сондай-ақ, осы жылы психологтар 2243 адамға қызмет көрсетті. Оның ішінде 669-ы бала, 154 жасөспірім, 1420 ересек болды. Сонымен қатар, 102 адам психологиялық кеңес алып, 93 адам психодиагностикадан өтті. Оған қоса бізде арнайы психологиялық түзету бойынша сабақтар мен тренингтер жиі өткізіліп тұрады, — деді Е.Кдрсихов.
Оның айтуынша, биыл психологиялық белсенді заттарды қолдану салдарынан психикалық және мінез-құлықтық бұзылулары бар 196 науқас есептен шығарылған.