Атыраудағы №1 М.Жұмабаев атындағы мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі
Бұл туралы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мектеп ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында іске асуда. Тапсырыс беруші — Атырау облысының Құрылыс басқармасы, мердігер мекеме — «ARSM» ЖШС.
Құрылыс жұмыстары былтыр наурыз айында басталған. 300 орындық мектеп ғимараты екі қабаттан тұрады. Ғимараттың бірінші қабатында бастауыш сыныптардың оқу блогы, жалпы мектеп асханасы, медициналық кабинет, спорт зал және сыныптардың оқу шеберханалар блогы орналасқан. Ал екінші қабатта жоғары сыныптардың оқу блогы, әдістемелік кабинет, ақпарат орталығының ғимараты, оның ішінде медиа кітапханалар мен оқу орындары бар. Оқу залында әдебиеттерді қабылдау және беру үшін ақпараттық пункт ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ғимарат жеделсатымен және пандуспен жабдықталған.
— 110 орынға арналған асхана блогы ас үй үстелдерінің, шкафтардың, сөрелердің, тауар қойғыштардың, жуу ванналарының қажетті санымен жабдықталған. Ал спорт залы 1-ден 11-сыныпқа дейінгі мектептің спорттық бағдарламасының барлық түрі бойынша сабақ өткізуге арналған. Зал ұлдар мен қыздарға арналған екі киім ауыстыратын бөлмемен жабдықталған. Мектеп аумағы жаяу жүргіншілер алаңдары мен тротуарларды, алаңішілік автомобиль өткелін қамтиды,- деді Н.Құсайынов.
Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша мектеп аумағында футбол алаңы, жүгіру жолы, әскери дайындыққа арналған алаң, баскетбол-волейбол алаңы және арнайы спортпен шұғылдануға арналған жабдықтар қарастырылған. 1-сыныпқа, 2-4 сыныптарға, 5-9 сыныптарға арналған ашық ойын алаңдары орналасқан демалыс аймағы да бар.