Атырауда емдік массаж бағытында шеберлік сағаты өтті
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Азаматтық орталығының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Атырау өңіріндегі күміс волонтерлікті дамыту» жобасы аясында «Церебральды сал ауруы диагнозы бар балалардың аналарына емдік массаж әдістерін үйрету» тақырыбында шеберлік сағаты ұйымдастырылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыста белсенді Күміс волонтерлердің қатысуымен, белгілі реабиатолог дәрігер, БолашакК орталығының негізін қалаушы Жібек Бисенованың ұйымдастыруымен сал ауруына шалдыққан балалардың аналарына арналған емдік массаж жасау әдістері көрсетілді. Іс-шараға № 4 қалалық емханаға тіркелген ерекше балалардың аналары мен орталықтың массаж жасаушы дәрігерлері қатысып, дәріс оқыды.
— Біздің орталық қазіргі таңда төрт жоба аясында жұмыс жасауда. Атап айтсам, бірінші, ата-аналар медициналық әлеуметтік сақтандыру жобасы бойынша портал арқылы келсе, екінші жоба демеушілік негізде, яғни ТШО компаниясы арқылы «Ерте араласу жобасы» бойынша келеді. Ол дегеніміз, бір айдан бастап денсаулығында ақау байқалған балаға ерте оңалту жұмыстарын жүргізу. Яғни, 1 айдан 3 жасқа дейін балаға массажды толық үзбей жасасақ, мүгедектіктің алдын аламыз. Үшінші жоба — үкіметтік МӘМС жүйесіне кірмейтін ақылы түрде жүргізілетін массаж болса, төртінші жобамыз арқылы Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Азаматтық орталық» арқылы әлсіз топтағы ата-аналар мен көпбалалы отбасыларға 10 күндік тегін массаж береміз,- деді Ж.Бисенова.
Қазіргі таңда Ішкі саясат басқармасы арқылы осы жоба аясында орталықта 15 бала биорезанансты технология бойынша тегін биоэнерго массажын және микрополерезация алуда.
Еске сала кетейік, БолашақК орталығында жылына церебральды сал ауруы диагнозы бар 1200-ге жуық бала ем қабылдайды.