Атырауда халықаралық ақындар айтысы басталды.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Атырау облысы әкімдігі, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және облыстық Ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының қолдауымен, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған «Ерлігі ерен ер бабам!» атты халықаралық ақындар айтысы басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Еліміздің облыстары мен көрші Қырғызстаннан келген 14 ақын жеребе бойынша жыр додасына түспек. Қазылар алқасының төрағасы — Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, жазушы Мереке Құлкенов. Сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиев тәуелсіз сарапшы ретінде қазылар алқасы құрамына қосылды. Аламан айтыстың шымылдығын облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов ашты.
— Ер бабамыз Бейбарыстың 800 жылдығына арналған апталық іс-шаралар тізіміндегі ең дүбірлісі осы айтыс болатын. Мықты ақындар бабамыздың ерен ерлігін жырға қоспақ. «Кіл жүйрікте, кім жүйрік?» дегендей, ақындарға сәттілік тілеймін!,- деді Ә.Жоламанов.
Айта кетейік, дүбірлі жыр додасы екі күнге созылмақ. Айтыс ертең қорытындалып, жеңімпаз анықталады.
Фото Мәдениет басқармасының Instagram парақшасынан алынған.