Индербор кентінде 3 спорт алаңы пайдалануға беріледі

Индербор кентінде 3 спорт алаңы биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Индербор кентінің үш жерінен, атап айтсақ, орталық мешіттің маңындағы М.Горький көшесі, Шығыс мөлтек ауданы, Р.Қошқарбаев көшесі және Болашақ мөлтек ауданы, Ғ.Мүсірепов көшесі бойынан жаңа спорт алаңының құрылыс жұмыстары жүруде.

— Шілде айында басталған құрылыс жұмыстары аяқтала келді, нысанды қабылдау жүргізілуде. Мердігер мекеме — «ЖайықСити» ЖШС. Олар шағын футбол, балалар ойын алаңымен және Street Workout құрылғыларымен жабдықталған. Әрбір алаңның көлемі — 1376 шаршы метр. Осы аталған жобаларымыз іске асқан жағдайда Индербор кентінің барлық мөлтек ауданының өз спорт алаңдары пайда болып, жастарымыздың бос уақыттарын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік туады,-деді аудандық құрылыс  бөлімінің басшысы Алтынбек Ғабдуллин.

Айта кетейік, Индер ауданында 32 830 халық болса, орталығы Индербор кентінде – 15 968 адам тұрады.