«Жанымның жылуы» атты ардагер суретшілермен кездесу өтті
Атырауда Халықаралық қарттар күніне арналған «Жанымның жылуы» атты ардагер суретшілермен кездесу өтті, деп хабарлайды «Батыс-Инфо»
Кездесу қылқалам шеберлерінің өмірбаянымен, шығармашылығымен танысу, сондай-ақ, өнер музейінің қорындағы суретшілердің туындыларын көрсетумен ерекшеленді.
Іс-шарада «Дала барысы — Мысырдың Бейбарысы» атты суретшілердің республикалық симпозиумының қатысушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» төсбелгісінің иегері алматылық ардагер суретші Жұмақын Қайрамбаев кездесудің басты мейманы болды.
Мұнда суретшілер өздерінің шығармашылығы жайында, бейнелеу өнері жөнінде, жанына жақын тақырыптар туралы, шәкірттерді үйретуде не нәрсеге көңіл бөлетіндері жайлы ойларымен бөлісті.
«Жанымның жылуы» тақырыбындағы көрмеге музей қорынан С.Маханбетовтың «Отбасы», «Жас отбасы», Ә.Баяндиннің «Отбасы», «Жас отбасы», Қ.Амановтың «Ымырт», Е.Невежиннің «Өткенді еске алу», Т.Халинның «Біздің шарбақ», Ж.Аралбаевтың «Дала дидары», «Нарын құмда», Е.Даукеновтың «Отаның тыныш — сен тыныш» секілді туындылар қойылды.
Айта кетейік, іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» мамандығының студенттері және Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері қатысып, ардагер суретшілерге мамандықтары бойынша өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты.