Атыраудағы автосалоннан өрт шықты
2 қазан күні, сағат 03:17 шамасында Атырау қаласы, Әбілхайыр хан даңғылы бойында орналасқан автосалондардың бірінде түтін шыққаны бойынша шақырту түсті, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Шақырту орнына өрт сөндіру бөлімшесі жеткен кезде жалпы ауданы 1660 шаршы метр болатын ғимараттың төбе жабындысының өртенуін анықтаған.
Өрт сөндірушілер және техникалардың көмегімен «тілсіз жау» сағат 04:59 шамасында сөндірілген.
Бұдан зардап шеккендер жоқ. Бүгінде өрттің шығу себептері анықталуда.
Сонымен қатар, өрт кезінде автосалон ішінде тұрған жаңа 10 автокөлік және тұрмыстық техникалар ғимараттың сыртына шығарылған.
Айта кетейік, өртті сөндіруге Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерден барлығы 42 адам мен 11 бірлік техника жұмылдырылды.