Атырауда екпе салу орталығы ашылды
Бүгін Атыраудағы «Baizaar» сауда орталығында вакцинациялау орталығы ашылды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Сауда орталығының бірінші қабатында орналасқан екпе пункті сағат 10.00 – 21.00 аралығында қызмет етеді. Онда әзірге екі дәрігер, бір медбике жұмыс істеп жатыр.
Пункт үш аймақтан тұрады: медициналық қарау зонасы, вакцинациялау және демалыс зонасы. Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тұрғындар вакцинаның бірінші компонентін қай мекен-жайдағы емханаға тіркелгеніне қарамастан, ала алады.
Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың тапсырмасы бойынша халықты барынша қамту үшін қосымша вакцинация пункттерін ашу жұмыстары жүргізілуде. 23–26 сәуір аралығында өңірге ресейлік «Спутник V» вакцинасының 22 000 дозасы және қазақстандық «QAZVAC»вакцинасының 2 000 дозасы жеткізілді.