Жер беру тәртібі жеңілдемек
Парламентке енгізілген заң жобасы аясында жер учаскесін беру тәртібі жеңілдетіледі. Sputnik Қазақстанның хабарлауынша, бұл туралы үкіметтің отырысында премьер-министр Асқар Мәмин айтқан.
– Тағы бір маңызды мәселе – жер қатынастарын цифрландыру. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Ол жер учаскелері, құрылыстар мен ғимараттар жөніндегі деректерді қамтиды, – деді Мәмин.
Үкімет парламентке жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекетте көрсетілетін қызметтерді цифрландыруға арналған заң жобасын енгізді. Құжат біраз қызметтерді электронды форматқа ауыстыруға, жер учаскелерін беру тәртібін оңайлатуға, жалпы, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.