Көлікті куәліксіз жүргізе аласыз

Бүгінгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда-ақ мақұлданды.
– Азаматтардан жүргізуші куәлігі мен техникалық құжатты өзімен бірге алып жүруін талап ету – бұл өткен ғасырдың еншісінде. Бүкіл әлем елдері цифрлық автобанмен жүйткіп жүргенде, шетте қалуға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешіп, заң жобасына өзгеріс енгізуді тапсырды, – деді Нұрлан Нығматулин.
Бұл заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеген.
Аталған заң жобасы бойынша, полицейлер жүргізуші мен олардың көлігіне қатысты құжаттарды қажет болған жағдайда жеке куәлік негізінде ішкі істер органдарының дерекқорына қосылу арқылы тексере алады. Алайда бұл түзетулер шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды.
Енді тек заң жобасының неғұрлым тезірек күшіне енуін күту ғана қалды.