Атырауда жедел жәрдем 100 пайызға толықты
10 қараша күні Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына жаңадан келген 18 жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
⠀⠀
Заманауи автокөліктер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
⠀
Медициналық жедел жәрдем көліктері «ҚДБ-Лизинг» есебінен алынды.
⠀
Оның 8-і аудандық емдеу мекемелеріне жіберіледі, қалған 10 автокөлік Атырау қаласы тұрғындарының жедел жәрдем шақыртуларына бөлінеді деп жоспарлануда.
⠀
Бүгінде облыста барлығы – 93 жедел жәрдем медициналық көлігі бар. Оның 46-сы биылғы жылы әкелініп отыр.
⠀
Қазіргі таңда Атыраудың жедел жәрдем стансасы 100 пайызға автокөліктермен толықты. Ал стансадағы жедел жәрдем көліктерінің 70 пайызы жаңарған. Ескі деген медициналық көліктердің өзі осыдан 2-3 жыл бұрын келген.
⠀
Келесі жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша 60 санитарлық автокөлікпен жабдықтау жоспарлануда.