Чек берілмегені туралы хабарлағандарға сыйлық беріледі
«Азаматтық бақылау – чек талап ет» жыл сайынғы акциясы 12 мамырдан бастап өтуде. Акция аясында азаматтар фискалдық чектің берілмеуі немесе банк картасын қабылдаудан бас тарту бұзушылықтары туралы хабарлауына болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясына кез келген азамат қатыса алады. Барлық жіберілген арыздар мемлекеттік кірістер органдарында қаралады.
Фискалдық чектің берілмеуі немесе банк картасын қабылдаудан бас тарту бұзушылық фактілері туралы App Store және Play market-тен «Wipon» ақысыз мобильді қосымшасын жүктеп хабарлауға және бұзушылық фактісі расталған жағдайда телефон шотына 1000 теңге сыйақы алуға болады.
Осы жылы акция басталғалы азаматтардың хабарламалары бойынша 3 000 заң бұзушылық фактісі расталып, 3 млн. теңге сомаға сыйақы төленген. Оның ішінде қайта бұзушылық жасаған 90 кәсіпкер 2,6 млн. теңге айыппұл төлеуге тартылды.
Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының барлық азаматтарын өздерінің азаматтық ұстанымын білдіруге, заң бұзуға мүлдем төзбеушілік көрсетуге және «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясына белсенді қатусыға шақырады.