Қызметкерлер жұмыс орнында велосипедпен жүреді
«Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясының мұнай айдау стансасы 13 гектар жерді қамтиды. Бұл жерде қазандықтар шалғай орналасқандықтан, қызметкерлердің лезде жетуіне ерекше жағдай жасалған. Қаз-қатар тізілген мұнай толы қазандықтардың арасымен машинамен жүру қауіпті болғандықтан, жұмысшылар станса ішінде велосипедпен емін-еркін жүйткіп жүре береді.
Ауысымдағы бір стансада қызмет істейтін 200-ден астам адам велосипед пайдаланады. «Атырау» МАС аумағында велосипед енгізілген сәттен бастап жарақат немесе зақым туралы шағымдар тіркелмеген және бұл аумақ бойынша қозғалыс жылдамдығын үш есе арттырған. Қашанда компания өкілдерінің өтініш-талаптарына құлақ асатын басшылық бұл ұсыныс кәсіпорын қызметкерлері тарапынан болғанын жеткізді.
Мұнай айдау стансасының басшысы Саламат Сәрсенғалиев те жаңа жоба аясында арнайы алынған үш аяқты велосипед қызметкерлердің денсаулығына өте пайдалы, әрі қауіпсіз екенін мәлімдеді.
Велосипедтерді сатып алу компания қызметкерлеріне және олардың жұмысына оң әсер еткен. Бүгінде қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануы дағдыға айналса, технологиялық операцияларды орындау жедел түрде жүзеге асатын болған. Сондай-ақ, станса аумағы бойынша қозғалыс жылдамдығы үш есеге, сағатына 5 шақырымнан 15 шақырымға дейін ұлғайған.