Шетелде оқитын қазақстандық студенттер елге ауысты
Бұған дейін шетелде оқыған 2 мыңнан астам қазақстандық студент еліміздегі жоғары оқу орындарына ауысты. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Өзге елдегі жоғары оқу орындарының басым бөлігі оқу жылының басында қашықтан білім беру технологияларын пайдаланса да, кейбірі өз студенттерін оқыту үшін қажетті платформалар ұсына алмаған. Сол студенттерге Қазақстандағы оқу орындарына ауысуға көмек жасалып, құжаттарын рәсімдеу үшін виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жеңілдетілген формат ұсынылды.
Тамыз айының басында БҒМ оқуын жалғастыру үшін өзіне байланысты емес себептер бойынша елден шыға алмаған студенттерге де көмек көрсете бастады. Енді елдегі ЖОО-ларға ауысуға ниет білдірген 2 мыңнан астам қазақстандық студентті қолдау мақсатында арнайы жедел желі іске қосылып, құжаттарды қабылдау жеңілдетілген.