Зейнеткерді көршісі тонаған
Атырауда 67 жастағы жалғызбасты зейнеткерді тонаған көршісі ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Түн ішінде зейнеткердің жұмыссыз, ішімдік ішетін көршісі пәтеріне баса-көктеп кіріп, оны қылғындырып, ақша, банк картасы мен телефонын талап еткен. Өзіне төнген қауіптен қорыққан ол мобильді телефон мен банк картасын беріп құтылған.
Көршісінен зәбір көрген зейнеткер есін жиып, өз-өзіне келген соң көршілері арқылы полицияға қоңырау шалған.
Тәртіп сақшылары жәбірленушіден тонаушы туралы мәліметті алып, жан-жақты іздестіруге кіріскен.
– Полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, 29 жастағы күдіктіні ұстады. Одан айғақ заттар алынып, зейнеткерге қайтарылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.