3500-ден астам армян көлігі тіркелді
Атырауда полицейлер жүргізушілерге Армениядан кіргізілген автомобильдерді тіркеуге көмектесуде. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Атырауда екі күнге созылған «Жолдағы қабылдау бөлімі» атты акция өткізілді. Жүргізушілерден 180-ге жуық өтініш келіп түсті, олардың көбі армян көліктерін тіркеуге қатысты болған. Көлік иелерін негізінен осы процедура ережелері, баж құны, үшінші тұлғаның сенімхат арқылы тіркеуден өту мүмкіндігі сияқты мәселелер қызықтырды. Сұрақтарға Атырау облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзалы Өтегалиев жауап берді. Нәтижесінде акцияның бірінші күнінде арнайы ХҚКО-да Армениядан әкелінген 108 көлік тіркелді, ал 27-тамызда тағы 84 көлік иесі жаңа нөмір алды, – деп хабарлайды аймақтық ПД-нің баспасөз қызметі.
Бүгінде Атырауда осындай 3500-ден астам көлік тіркелген. Армения Республикасынан 2020 жылдың 1-ақпанына дейін кіргізілген көліктерді тіркеу мерзімі 1-қыркүйекте аяқталады.