Атыраудан Қызылордаға алғашқы рейс ұшты

Бүгін FlyArystan әуекомпаниясының «Airbus A320» 180 орындық ұшағы Атыраудан Қызылордаға алғаш рет ұшты.
Осы сәттің куәсі болуға әуекомпания ұжымы жергілікті БАҚ өкілдері мен блогерлерді өздерімен бірге сапарлауға шақырды.
180 орындық «Airbus A320» ұшағының жаңа, таза, жайлы екендігіне біз де көз жеткіздік. Ең бастысы – билет бағасының арзандығы. Атыраудан Қызылордаға билет құны 6 999 теңгеден басталады.
Бұдан былай аптасына 2 рет – дүйсенбі және жұма күндері мұнайлы өлкеден Сыр еліне рейстер жүріп тұратын болады.
Жұмысын 2019 жылдың мамырында бастаған лоукостер бүгінге дейін 1 млн. 700 мың билет сатып үлгерген.
Оның мерейтойлық – бір миллион бес жүз мыңыншы саяхаттаушысы осы рейстен табылды.
8D орындығының Қарлығаш Тайшыкова есімді сәтті жолаушысын экипаж мүшелері шын жүректен құттықтап, оған ваучер мен тосынсыйлар ұсынды.
– Мынадай ғажап боларын білмедім. Өзім Қызылорданың қызымын, Атырауға тұрмысқа шықтым. Індетке байланысты төркініммен қатынау қиын болып, мүлде бара алмадым. Осы рейс ашылды дегенде бірден онлайн билет алып балаларымды алып ата-анама бара жатқан сәтім. Өте қуаныштымын, – деді бір миллион бес жүз мыңыншы жолаушы Қарлығаш.
Ұшақ ұшпастан бұрын бортсерік жолаушыларды қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, санитарлық талаптарды орындауға шақырды. Жолаушылары барлық ережелер мен нормаларды сақтаған ұшақ әуеге көтерілді.
Осы рейстің аға бортсерігі Дина Ахметованың айтуынша, алғашқы оқиғаның бәрі адамды қобалжытады екен.
– Жаңа рейс ашқаннан бұрын жаңа аймақтық бекет ашу қиын және машақаты көп жұмыс. Біздің әуекомпанияның осыған дейін тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бекеті болса, алдыңғы жылы үшінші болып Атыраудан ашылды. Алғаш рет болатын оқиғаның барлығы адамды қобалжытады. Жаңа адамдар. Әр түрлі жолаушы, сан түрлі оқиға дегендей, – дейді рейстің аға бортсерігі Дина Ахметова
Сонымен қатар, аға бортсерік әуе кемесінде карантин жағдайына байланысты талаптардың қалай орындалып жатқанын да айтып өтті.
– Бізде барлық талаптар қатаң сақталады. Жолаушылар бұның барлығы қауіпсіздік үшін екенін түсінеді. Алайда маска таққысы келмейтін жолаушыларда кездеседі. Біз оларға біріншіден, өз қауіпсіздіктері үшін маска тағу қажеттігін дұрыстап түсіндіріп, оны талап ету біздің қызметіміздің бір бөлігі екенін айқаннан кейін қауіпсіздік ережелерін орындайды, – деді бортсерік.
Бұл бірнеше сағаттап, кейде тәуліктеп пойыз, автобустармен жүретін жолаушылар үшін жағымды жаңалық болды. Жолаушылардың дені бұл жағдайға қуанышты.
– Жақсы болды. Қатты қуаныштымын. Пойызбен тәуліктеп жүруші едік, дәл сондай бағамен 2 сағатқа да жетпей Қызылордада болу деген мен үшін түс секілді. Сәттілік тілеймін бәріне. Осындай қалааралық арзан рейстер көбейсе екен. Енді Қызылордадан Ақтауға рейс ашылса тіпті керемет болар еді. Сол жаққа жету еліміздегі мынадай кезде қиындық тудырып жүр, – деді Атырауға жұмыс бабымен келген қызылордалық Қайрат есімді жолаушы.
Атыраудан Қызылордаға ұшу уақыты – 1 сағат 35 минут.
Сыр елінің әуежайына сәтті қонғаннан кейін, бортсеріктер жолаушыларды түсіріп, бірден ұшақтың ішін тазалауға кірісті.
FlyArystan әуекомпаниясының баспасөз хатшысы Ләззат Набиеваның айтуынша, олар ешқандай клиникалық компаниялардың қызметкерлерін шақырмайды екен. Тазалықтың бәріне бортсерік қыздар жауап береді.
Жолаушыларды сәтті қондырған «Airbus A320» ұшағының екінші ұшқышы Нұржан Кузбаков жаңа рейс туралы өз пікірін білдірді.
– Бізде бірінші кезекте жолаушылар қауіпсіздігі және оларды аман-есен бір қаладан келесісіне жеткізу тұрады. Жаңа рейс мен үшін ерекше жағдай емес. Ол – менің мойнымдағы тағы бір үлкен жауапкершілікті іс. Тағы бір рет ұшақты сәтті қондырып, жаңа жолаушылардың қошеметін алсам, өз қызметімді адал атқардым деп білемін, – дейді ұшқыш.
Атыраудан Қызылордаға ұшып келген алғашқы рейсті Қорқыт ата әуежайында Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілдері күтіп алып, жолаушылар мен ұшақ қызметкерлерін сәтті қонуларымен құттықтады.
Қазіргі таңда отандық әуекомпанияның барлық бағыттарына билет сатылымы 2021 жылдың 27-наурызына дейін ашық. Билеттерді flyarystan.com сайты мен бюджеттік компанияның мобильдік қосымшасы арқылы алуға болады.

Эльнара Оралова