«Мектепке жол» жаңа форматқа көшті
Енді Атырау облысында «Мектепке жол» акциясы кезінде көрсетілген көмектер Atamekenim.kz порталы арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
⠀
Өткен жылы Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» қоғамдық бірлестігі atamekenim.kz порталы арқылы өтініштер мен тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек жинау туралы келісім жасасқан еді. Облыстық білім беру басқармасының қосымша білім беру, тәрбие жұмысы және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Алмагүл Қаирлиеваның айтуынша, бұл платформа көмек көрсету мәдениетін қалыптастыруға қызмет етеді.
⠀
— Көмекке мұқтаж әрбір ата-ана өз өтінімдерін қалдыра алады. Ол үшін ата-ана atamekenim.kz порталына кіріп, баласының ЖСН тіркеу арқылы, тізімге енулері тиіс. Бүгінде аталған платформа негізінде ата-аналарға өтінім толтыруда көмек көрсету үшін әлеуметтік педагогтар қатарынан жауапты мамандар белгіленген. Бұл ең алдымен сыбайлас жемқорлықты болдырмайды әрі, шын мұқтаждың көмек алуына септігін тигізеді, — дейді Алмагүл Қаирлиева.