Азық-түлікке ақша бөліне бастады
1 миллионнан астам қазақстандық азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
— ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы айда азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар 20-шілдеден бастап айдың соңына дейін банк карталарына төлем ала бастайды, — делінген хабарламада.
Бұйрық күшіне енген кезде 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар осы төлемді алады. Олар:
5 әлеуметтік топқа:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар;
Коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк карталарына аударылған төлемге ауыстырылды.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан мамыр айына дейін жалпы сомасы 13,5 млрд. теңге болатын бұл төлемдер 1 млн. адамға шақталған.