Марапат марқұмдардың туыстарына табысталды
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов марқұм болған төрт медицина қызметкерінің туыстарына мемлекеттік награданы табыстады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы Жарлығына сәйкес, атыраулық марқұм болған төрт медицина қызметкері мен коронавирус инфекциясына қарсы күресте жанқиярлық көрсеткен бірқатар дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Нақтырақ айтқанда, «Құрмет» орденімен облыстық №2 ауруханасының инфекционист дәрігері Жұмабек Дәулетов, Атырау облыстық ауруханасының рентгенолог дəрігері Ғаділет Сұлтанғалиев, Атырау облыстық кардиология орталығының хатшысы Папузина Елена Яковлевна және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен облыстық жедел жәрдем стансасының фельдшері Алмагүл Демесінова наградталды.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов марқұм болған медицина қызметкерлерінің наградаларын олардың жақындарына табыс етті. Сонымен бірге, қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, азаматтардың денсаулығын сақтаудағы жанқиярлық еңбегі үшін бірқатар дәрігерлер де мемлекеттік наградаларға ие болды.
Облыс әкімі індетпен күресте алдыңғы қатарда қауіп-қатермен күнделікті бетпе-бет келіп жүрген ақ халаттыларға көзсіз ерлігі үшін зор алғысын білдірді. «Біздің өңір үшін әр дәрігердің орын ерекше, сіздерді әрдайым қолдаймыз» деді ол.
— Бүгінде коронавируспен күресте алдыңғы қатарда қызмет етіп жүрген барша қайсар, батыл қызметкерлеріміздің еңбегі еленіп жатқанына қуаныштымын. Осы қиындықтан бір халық, бір қоғам болып еңсеріп шығатынымызға сенімдімін, — деді «Парасат» орденімен марапатталған облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Гүлнафис Рахметова.