Үкімет ақшалай қосымша көмек үлестірмек
Премьер-министр Асқар Мамин үкімет отырысында шілде айында атаулы әлеуметтік жәрдемақы кімдерге берілетінін айтып өтті.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезінде табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу бойынша шешім қабылдадық. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі, — деді ол.
Сонымен қатар, үкімет басшысы еңбек министрлігіне азаматтардың жекелеген санатына азық-түлікке ақшалай көмек беруді жалғастыруды тапсырды. Бұл санатқа бір миллионнан астам адам кіреді.