Желге ұшқан 600 млн. теңге
Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы PR-науқанға және бейнероликтерге 600 миллион теңге бөлген. Бұл туралы Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьева айтты.
— Кеше Президент коронавируспен күреске 191 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Ал оған дейін бізге 400 миллион доллардай бөлінген болатын. Біздің сараптамалық топ бұл ақшаның қалай, қандай іс-шараларға жұмсалғанын қарастырып жатыр. Мендегі ақпарат бойынша,пиар-компанияларға, роликтерге 600 миллион теңге бөлінген. Шын мәнінде, ол ақшаға елімізге қажетті біраз ресурс алуға болар еді , — деді Соловьева жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі брифингте.
— Есептеуіміз бойынша, шамамен 200 миллион теңге белгісіз мақсатта жұмсалған. Біз қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Бірақ сол ақшаны бюджетке қайтару қиын болады. Себебі, тендер арқылы басқа біреуге беріліп қойды, — деді ол.