Атырауда 700-ден астам «армян» көлік тіркелді

Маусымнан бастап Атырау қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында Армениядан әкелінген 700-ден астам көлік тіркелген. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
Сонымен қатар, Атырау тұрғыны тарапынан Қазақстанға Армениядан әкелініп, кейін сенімхаттармен өзге адамдарға берілген атыраулық 34 көлік те еліміздің басқа облыстарында есепке алынып, мемлекеттік нөмірлер алды.
Маусымның бірінен бері елімізге 1-ақпанына дейін Армениядан әкелінген автомобильдер есепке алынып жатыр.
Көліктерді тіркеу құны 11 946 теңге болып отыр. Оның 695 теңгесі тіркеу үшін алым болса, техникалық төлқұжат үшін 3 773 теңге, мемлекеттік нөмір үшін 7 778 теңге бөлінбек.
Көліктерге тіркеу кезінде сары түсті нөмірлер беріледі, алайда оң жақ рөлді көліктер тіркеуге жатпайды.
Армениядан алып келген көліктерді тіркеу 1-қыркүйекке дейін жүргізілмек. Көлік Армениядан алып келген адамның атына ғана тіркеледі. Тіркеу үшін атыраулықтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келуі керек. Көлік иесінің қолында жеке куәлік пен көлік құжаттары болуы тиіс.