Құлсарыға пойыз тоқтамайды
Құлсары стансасынан пойызға отыру және түсу уақытша шектеледі. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Жылыой ауданының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешіміне сәйкес коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында 18 маусым күні сағат 07-00-ден 2-шілдеге дейін Құлсары стансасына бірнеше жолаушылар пойызына билет сатуға, отырғызып-түсіруге уақытша тыйым салынғанын хабарлайды.
Тыйым салынған пойыздардың қатарына мыналар кіреді:
– № 37/38 «Маңғыстау–Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол»;
– № 309/310 «Маңғыстау–Ақтөбе»;
– № 313/314 «Атырау–Маңғыстау»;
– №77/ 78 және № 313/314 жолаушылар пойыздарының құрамында қатынайтын «Алматы-2–Құлсары» тікелей қатынайтын вагондар.
Құлсары стансасынан пойызға отырғызып-түсіру жолаушыларда дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы немесе медициналық мекеменің шақыру хаты болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Осыған дейін Құлсары стансасына келуге немесе сол стансадан шығуға арналған билетін ресімдеген жолаушылар оны қайтарып, билет құнын толық ала алады.
Билеттің ақшасы билетті қайтару тәртібі мен сатып алу тәсіліне байланысты қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы қайтарылады.