Коронавирус мұнайшыларға жетті
Маусым басталғалы «Ембімұнайгаз» АҚ-да 136 адамнан инфекция анықталды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
— Маусым айына дейін акционерлік қоғамның өндірістік нысандарында қызметкерлердің инфекция жұқтыруы тіркелмеген. Осы айдың басынан бері Жылыой ауданындағы Терең-Өзек, Қисымбай, Қызылқоға ауданындағы Кенбай кен орындарында «Ембімұнайгаздың» 62 және мердігер компаниялардың 55 қызметкерінен COVID-19 анықталды. Бұған қоса, міндетті скрининг кезінде «Ембімұнайгаздың» 19 жұмысшысынан вирус жұқтыру жағдайы тіркелді, — деп хабарлады компанияның қоғаммен байланыс қызметі.
Қазір барлық кен орындарында жұмыс штаттық режимде жүргізіліп жатыр. «Жылыоймұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-нің қызметкерлері үшін жұмыс вахтасының мерзімі 14-тен 28 күнге дейін ұзартылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орталық аппараттың бір бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне жіберілсе, қызметкерлердің бас кеңсе ғимаратында жұмыс уақыты түскі үзіліссіз сағат 15.00-ге дейін қысқартылған.