Ұлттық сараптама орталығының Атырау облыстық филиалынан COVID-19 шықты

Ұлттық сараптама орталығы  Атырау облыстық филиалының қызметкерінен Covid-19 анықталды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабар таратты.
Ұлттық сараптама орталығының Атырау облыстық филиалы – коронавирусты диагностикалаумен айналысатын мекеме. Белгілі болғандай,  қызметкердің вирусологиялық зертханаға қатысы жоқ, ол  әкімшілік құрамда жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта індет жұқтырған қызметкермен  байланыста болған 12 адам анықталып отыр. Олар – есеп, кадр және маркетинг бөлімінен. Тіпті, зертхана директоры Темірбек Мұсағалиев та коронавирусқа тест тапсырған.
– Байланыс жасаған тұлғалардың барлығы оқшауланды. Вирусологиялық зертхана әдеттегі режимде қызметін жалғастырады, – деп түсіндірді орталық басшылығы.
Сонымен қатар, бүгін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдығапаровтың да коронавирусқа тест тапсырғанын хабарлады. Тест нәтижесі жақын арада белгілі болады.