Атырауда соңғы бір айда 8 адам суға кетті
Мамыр айының ортасынан бастап Атырау облысының су айдындарында 8 қайғылы оқиға тіркелген. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қайтыс болғандар қатарында бір кішкентай бала бар.
Осыған байланысты полиция өзен жағалауындағы демалыс аймақтарындағы рейдтерді күшейтіп, халықпен профилактикалық жұмыс жүргізбекші. Тұрғындарға негізгі қауіпсіздік шараларының сақталуын ескертіп, түсіндіру жұмыстарына көңіл бөлмек. Бұл ретте жағажайда демалу кезінде де, шомылу кезінде де балаларды қараусыз қалдырмау керектігі ересектерге қатаң ескертіледі.
Өткен айда облыста «Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу» бабы бойынша 50-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал қайғылы жағдайлардың негізгі себептері арнайы жабдықталмаған жерде және мас күйінде суға шомылу болып отыр.